![ashtyq1-kopirovat]()
Қазіргі кезеңде қазақ халқының жартысына жуығы қырылған 1930-32 жылдардағы ашаршылық біршама зерттеліп жазылғанымен, 1921-22 жылдардағы ашаршылық жөнінде бірен-саран еңбектерде болмаса, ақиқат әлі айтыла қойған жоқ.
Мұрағат деректері мен басылымдарға назар аудара келсек, 1921 жылы Қазақстанның бес губерниясы мен бір уезі, атап айтсақ, Орынбор, Ақтөбе, Орал, Бөкей, Қостанай губерниялары мен Адай уезі ашаршылыққа ұшырады. 2 653 300 адам тұратын Қазақстанның батыс бөлігімен және онымен шекараласатын Қостанай губернияларының ашаршылыққа душар болуының объективті және субъективті себептері бар еді. Олардың әрқайсының аражігін таратпай жалпы айтсақ, 1921 жылғы аштықтың негізі әріде, тереңде жатты. 1916 жылы қазақ жастарын тыл жұмыстарына алу, шақырылғандардың бас сауғалап қашуы, халық наразылығының өршіп, Торғай төңірегін қамтыған ұлт-азаттық күресі, ақ пен қызыл кезекпе-кезек билікке келген аласапыран азамат соғысы, ер-азаматтың ат үстінде болуы қалыптасқан шаруашылық жүйесін тоқырауға ұшыратты. Оның үстіне 1920 жылғы жұт пен 1921 жылғы құрғақшылық ауыл шаруашылығын тұралатып, халықты күйзеліске душар етті.
Бұл азаматтық соғыстың енді ғана аяқталған, большевиктер ел ішіндегі саяси-экономикалық, әлеуметтік шиеленісті өз пайдасына әлі толық шеше алмаған өліара кезең еді. Кронштадт бүлігі, шаруалар наразылығы, большевиктер билігін әлі де мойындай қоймау сол кезеңнің жалпы ахуалының сипатын көрсететін. Осы кезеңде тек қана Қазақстанда ғана емес, Ресейдің бірқатар жерінде де – Астрахан, Царицын, Саратов, Самара, Симбирск, Уфа губерниялары ашаршылық құрсауына түскен болатын.
Әрине, Қазақстандағы ауыр жағдайды орталықтағы большевиктік билік білді. Солай болғанымен, ашаршылыққа ұшыраған Ресей губернияларға көмек көрсетуді талап етті. Өз еліндегі ашаршылықтың дендеп, етек алып бара жатқанын көріп, біліп отырған Қазақ елінің билігі алдарында тұрған екі мәселені де шешу жолын ұстанды. Ресейге ішінара көмек жасағанымен, ел ішіндегі жағдайды реттеуді бірінші кезекке қойды. Сондықтан да болар, Қазақ Орталық Атқару Комитеті атынан Ә.Жангелдин мен Киселев Қазақстандағы ашаршылық жайын айта келіп, жағдайды реттеу әрі бір жағынан жеңілдету мақсатында Қазақстан территориясындағы басқа ұлт өкілдерін, мысалы, украиндарды өз республикаларына қоныс аударуға рұқсат беруін сұрады. Ашық айтылмаса да, бір себептері немесе орталықтың алыстан ойлаған мақсаттары болды ма, бұл ұсынысқа келісім бермеді. Сонымен қатар, алдын ала жоспарланған Қазақстанға Ресейден қоныс аударуға тиісті 2 млн адамды орналастыру мәселесі де өзгеріссіз қалды.
Қазақстанға Ресейден 2 млн адамды қоныстандыру қажет деген мәселе күн тәртібінде тұрғанымен, осы уақытта Қазақстанда аталған бес губерния мен бір уезде ашаршылыққа ұшырағандар саны да мәлімет бойынша 2 млн адам еді. 1922 жылдың қаңтарындағы мәлімет бойынша Орынбор губерниясында – 437 776, Қостанай губерниясында – 252 816, Ақтөбе губерниясында – 359 326, Орал губерниясында – 277 835, Бөкей губерниясында – 100 мың, Адай уезінде 75 мың адам ашаршылыққа ұшырады. Бұл мәліметтің өзін орталықтың қырына ұшырап қалмау үшін қазақ билігі азайтып берген де болуы мүмкін. Себебі осы жылдары ел ісіне белсене араласып, елдің ауыр халін өз көзімен көрген М.Әуезов «…аштықтан құтқару үшін дәл қазір шұғыл шара қолданылмаса, онда Қазақ республикасы қазақсыз қалады» дегенді бекер айтпаған болуы керек. Бұл биліктің дәрменсіздігі мен аштан қырылып жатқан қазақты көрген адамның жан айқайы, ышқынуы еді. Қазақстанда осыншама 2 млн адам ашаршылыққа душар болғанда, оларды ашаршылық тұзағынан алып шығу үшін қажетті азық-түлік қорын қалыптастыру, оларға көмек беру орнына тағы да осындай 2 млн адамды Ресейден Қазақстанға қоныс аудару ешбір логикаға келмейтін еді.
![alash-ajkaraga-kopirovat]()
Бірақ Қазақстанда ашаршылық тұзағына түскендер жоғарыда аталғандар ғана емес, басқа жағдайы дұрыс деген губерниялар жайы да оңып тұрмады. Тек қана Ақмолада аштыққа ұшырағандар саны 100 670 адам деп көрсетілді. Ақмоланың өзінде жағдай осылай болғандығына қарамастан, оларға Мәскеуден берілген жоспардан тыс тағы да 300 мың тонна астықты Ресейге жіберу міндеттелді. Лениннен жұмысшылар мен шаруаларға көмектесу керек деген жеделхат келген соң, Арал балықшылары да 1921 жылдың 25 желтоқсанында Ресейге 14 вагон балық тиеп жөнелтті. Аштыққа ұшыраған Қазақстанға орталықтан көмек келгені былай тұрсын, қайта азық-түлік жіберу талап етілді.
Ақиқатын айтсақ, осы кезде ұлтжанды қазақ зиялылары, оның ішінде С.Сәдуақасов пен М.Әуезов ашаршылылық жайын айтып дабыл қақты. «…дәл осы, 1921 жылдың күзі мен 1922 жылдың көктем айларына дейінгі аралықта ұлттың мүддесін қорғайтын аса көкейтесті шаралардың бірде-біреуі Смағұл мен Мұхтардың қатысуынсыз өткен жоқ. Бұл қарсаңда қазақтың «қаратаяқтары» (зиялыларды қыр қазақтары осылай атаған) бұрын-соңды болып көрмеген дәрежеде ұйымшылдық танытып, ішінара сая іздеген саяқтары болмаса, қалғандарының барлығы да ұлттық мүдденің айналасына топтасты.
Қазақстанның солтүстік-батыс аймағын қамтыған аштық қазақ ұлтының келешегіне, ұлт болып қалуына қауіп төндірді. Аштық қаупі күннен-күнге ұлғайып, жан сақтау үшін қолына түскеннің бәрін жеп, тіпті адам етін адам жеп жатқандығы жөніндегі суық хабарлар жетіп жатқандығына қарамастан, Орынбордағы қазақ билігі орнынан қозғалып, батыл шараларға бара қоймады. Оның екі түрлі себебі бар еді. Біріншіден, Қазақ өлкелік революциялық комитетінің мүшелері, негізінен, қазақ емес ұлт өкілдерінен құралды да, қазақ даласындағы ауыр халге соншалықты мазасыздана қоймады. Олар, керісінше, Ресейдің ашаршылыққа ұшыраған аудандарынан Қазақстаннан азық-түлік көмегін ұйымдастыруға белсене кірісті. Қазақ отбасыларының тіршілік етіп отырған алдындағы азын-аулақ малын, астығын жинап алды. Екіншіден, қазақ зиялылары арасында да таптық ұстанымдарына байланысты жік туып, биліктегі тапшылдар ел ішіндегі ашаршылықты, ауыр халды баяндап, шара қолдануды талап еткен зиялыларды, алашордашылардың кеңес үкіметіне қарсы әрекеті деп қабылдады. Сонымен қатар, ұлтжанды қазақ зиялыларының ұлттық мәселелерді көтеруі биліктегі басқа ұлт өкілдеріне де ұнай қоймады. Олардың арасында келісе алмаушылық жиі болды. Сондықтан билік
Қазақ еліндегі ашаршылыққа бастапқы кезеңде белсене кіріспеді.
![ashtyq-kopirovat]()
Оны осы жылдардағы Қазақ өлкелік революциялық комитетінің жұмыс жоспарынан да көруге болады. Назар аударсақ:
1. ВКП(б)-ның ХІІ съезіне дайындық; 2. Ресейде аштыққа ұшыраған аудандарға азық-түлік жөнелту үшін жергілікті ұлттың қолындағыларын жинап алу; 3. Бұған қарсы халықтың наразылығын ұйымдастырып отырған «қазақ ұлтшылдарына қарсы күресу. Сол кезеңдегі Қазақстандағы большевиктік биліктің ұстаған бағыты осындай болды. Халықтың алдындағы малы мен қолындағы соңғы өзек жалғап отырғанын әсіреқызыл белсенділер қорқытып-үркітіп жинап алды. Орталыққа жақсы көріну үшін жергілікті халықтың өзі ашаршылыққа душар болып отырғанда, жиналғандарды Ресейге жөнелтті. Ал бұл жағдайды көріп-біліп отырып, мұндай іске наразылық білдірген қазақ зиялыларын тапшылдар «ұлтшылдар», «пролетарлық интернационализмге қарсылар» ретінде кінәлады. Сонымен қатар, С.Меңдешев бастаған большевиктер Мәскеуге төмендегідей мәтінде жеделхат жолдаған. «Ашаршылық туралы қауесетті таратып жүрген – ұлтшылдар. Олар қарапайым шаруаның мұң-мұқтажын жоқтағансып, еңбекшілердің назарын өздеріне аудару үшін қасақана байбалам салуда» деген. Профессор Т.Жұртбайдың пікірінше, «Шындығында, тура сол кезде С.Меңдешевтің туған ауылында түтіні тік шығатын бірде-бір үй қалмаған еді». Егер 1921 жылдың наурызындағы мәліметке сенсек, С.Меңдешевтің елі Орал губерниясында тұратын 470 028 адамның 446 536-сы, яғни 99 пайызы аштыққа ұшырады. Басқа губернияларда жағдайсәл тәуірірек, дегенмен оларда жағдай оңып тұрмады.
Ашаршылық меңдеген сол жылдары биліктегі большевиктер аштан қырылып жатқан қазақтар тағдыры жөнінде мәселе көтерген ұлтжанды қазақ зиялыларының іс-әрекетін кеңестік құрылысқа қарсы ұлтшылдардың әдейі жасап отырғаны деп айыптады. Ел ішіндегі аштықты дер кезінде тізгіндей алмаған билік уақыт өткізіп, кеш қимылдады. Оның өзінде өздері ұлтшылдар деп айыптап отырғандардың талап етуімен. 1921 жылдың 10 желтоқсанында қазақ қызметкерлері қатысқан кеңесте күн тәртібінде, бірінші, қырдағы аудандардың аштыққа ұшыраған тұрғындарына нақты көмек көрсетуді ұйымдастыру, екінші, қазақ қызметкерлерін осы жұмысқа тарту және оларды тиімді пайдалану қаралды. Бірінші мәселе бойынша, М.Әуезовтің баяндамасы тыңдалды. М.Әуезов ел ішіндегі ауыр жайды баяндап «…Көптеген аудандардағы қазақтар көптен бері тек қана көртышқанмен, тышқанмен, суырмен, тағы да сол сияқты ұсақ жәндіктермен өзегін жалғауда, соның кесірінен әртүрлі жұқпалы аурулар мен індеттер естіп білмеген деңгейде таралып барады» деп мәлімдеді.
Осы кеңестен кейін ғана, қақаған қыста аштыққа ұшыраған аудандарға көмек көрсетуге қадам жасалды. Бірақ қаһарына мінген қыста ел жағдайы одан сайын ауырлап кеткен еді. Осы кеңесте шалғай жатқан Торғайға Қостанай арқылы жіберілетін көмек бармай қалады, азық-түлік Қостанайдың өз басында қалып жергілікті халыққа жетпейді деген болу керек қабылданған қаулыда «Торғайға жіберілетін азық-түлік жәрдемі Қостанайдан бөлек жіберілуін орталық арқылы шешуге қол жеткізсін» деген-ді.
![ashtyq1-kopirovat]()
Қостанайға арнайы барған С.Сәдуақасовтың жазуынша, Қостанайда аштарға арналған асханалар мен балалар үйі ашылғанымен, ол қалың қазақ ішінде ашылмаған. Қостанайдың өз басында ашылған асханаларда тамақтандырып жатқан аштар ішінде қазақтар жоқ. Ал асханаға қажетті ет үшін малды аш қазақтардың өзінен алып отырған. Қазақтарға жәрдем бермек түгіл, олардың қолындағыларын жинап алған. «Қостанайдың орыстарынан қазақтың халі жаман. Қазақ ішінде аштық жазға қарай көбейді. Жер қарайып кеткен соң қайта қар жауып, малдың жартысына жуығын қырып кетті. Ел ішінде өліп жатыр. Қостанай мекемелерінің аштарға жәрдем беруі де басқаша. Өздерінің Қостанайынша! …Бұл айтқандар – ертегі емес, шып-шын оқиға. Қостанайда болып отырған оқиға» деп ашына жазды. Сондықтан да болар, Торғайға жіберілетін азық-түлік жәрдемі Қостанайдан бөлек жіберілсін деген қаулының қабылданғаны.
Алғашында аштыққа ұшыраған Қостанай губерниясына көмек көрсету, азық-түлік қорын қалыптастыру, оны жеткізу Ақмола губерниясына жүктелді. Бірақ бұл кейін екі түрлі себеппен өзгеріске түсті. Біріншіден, 1922 жылдың басында аштық құрсауына түскен Челябинск, Қостанай, Самара губернияларынан аштар легі шамамен 470 мың адам жан сақтау үшін Ақмола губерниясына ағылып келді. Бұл, әрине, қолдағы бар азық-түлік қорының бір бөлігін көмек көрсету үшін жұмсауға мүмкіндік бермеді. Сырттан келушілер жаңа проблемалар тудырды. Екіншіден, губерния құрамындағы Петропавл, Көкшетау, Атбасар уездері де осы кезеңде аштыққа ұшырады да, губерния әкімшілігі орталықтан аталған уездерді ашаршылыққа ұшырағандар ретінде санап, жиналған азық-түлік қорын ішкі қажеттілікке жұмсауға рұқсат сұрады.
Осыдан кейін Қостанай губерниясына көмек көрсету аштыққа ұшырамаған деп саналған Семей губерниясына міндеттелді. Қостанай губерниясы аштарына көмек көрсету басты мәселенің біріне айналды. Себебі губерния халқының 90%-ы аштыққа ұшыраған еді. Қостанай губерниясы ішінде шалғайда жатқан Торғай уезінің жағдайы өте ауыр болды. 1921 жылдың жазындағы құрғақшылық, шөптің шықпауы мен жетіспеушілігінен және қатал қыстан уездің 13 болысында да мал қырылды. Малдың қырылуы, жергілікті халықты тіршілік көзінен айырып, ашаршылыққа ұшыратты. 13 болыс ішіндегі неғұрлым қуатты саналған Торғай, Шұбалаң, Майқарау, Сарықопа, Көртоғай және Қарақоға болыстарында да мал басы күрт кеміді. Елді аштық жайлады. Халық өз атамекендерін тастап, Ақтөбе, Қостанай, Жезқазған жаққа босты. Ақтөбеге жеткендері одан әрі басқа аймаққа кетті. Себебі Ақтөбе губерниясының де халі оңып тұрмаған еді. Ол жақтағы халық та босқыншылыққа ұшырап, жағдайы жақсы Түркістан губерниясына қарай ағылды.
![ashtyq2-kopirovat]()
Сонымен қатар, шалғайда орналасуы, көлік қатынасының қиын болуы, көмектің дер кезінде жетпеуінен Торғай уезі халқының жағдайы нашарлады. Сырттан келетін азық-түліктің жетуі де қиын болды. Сондықтан қиын жағдайда қалған Торғай уезінің атқару комитетіне республикалық органдармен тікелей байланыс жасауға рұқсат берілді.
Осы жылдары ел қызметіне белсене араласқан М.Әуезов «Еңбекші қазақ» газетіне ашаршылыққа байланысты көлемді мақала жариялап, елді ашыққандарға жылу жинауға, көмек көрсетуге шақырды. Елдің ауыр халіне қазақ зиялылары көз жұмып қарай алмады. М.Дулатов та «Ақжол» газетіне бірнеше мақала жариялап, шындықты жазып, қазақ билігі қозғалсын, қимылдасын деген ниетте болды. «Торғай үйезінде мал қырылып жатыр. Жазғы салым ашаршылық күтіп отырмыз. Алыстан азық таситын көлік қалған жоқ. Қарқаралы үйезінде шаруа күйзелді. Мал өліп жатыр. Жұрт жаяу, аш, жалаңаш… Темір үйезінде жұт. Ауру қалың, күнде жаназа… Бөкей ордасының қазақтары томыршық деген шөптің дәнін қағып жеп жатыр… Ырғыз үйезінің қазақтары саршұнақ тышқанды жеп жатыр. Күздігүні өлген малдардың өлексесін қар астынан қазып алып жеп жатыр. Өлексе әрі ас болмай, бишаралар қырылып жатыр» деп жазды.
Ел ішін жайлаған аштық туралы айтылып, газетте жарияланғандарға «бұл ұлтшылдардың босқа даурығуы, кеңес үкіметіне қарсы іс-әрекеті, сондықтан ұлтшылдарға қарсы күресті күшейту керек» деп әрекетсіз отырған билікке М.Дулатов жанұшыра ашық түрде «Аштық қырғынынан қайтсек құтыламыз?» деген мақаласын «Қазақстан үкіметінің назарына» деп атаумен жазды. «Елді ел қылу, қырғыннан құтқару үшін азамат тегіс атқа міну керек. Бірақ азамат өкіметтен рұқсатсыз атқа міне алмайды. Сондықтан қазақ өкіметі қазақты ел қыламын десе, закон жолымен бекітіп, аштар үшін күйлі елдерден жылу жинауға рұқсат етсін. Елге сенімді, білімді, таза азаматтарды бастық қылып, 20-30 комиссия шығарсын. Бұларға керекті күш-көмегін берсін. Комиссиялар үйезді, облысты, ауданға бөліп араласын, жиналған малдарын жаз бойы ашаршылық болып жатқан жерлерге айдасын. Аш босқындарды аман елдерге көшіріп орналастырсын» дей келіп, «…жалғыз өкімет тарапынан көрсетілген жәрдемге ғана сүйеніп отырсақ, елді қырып аламыз. Өкімет жәрдемін көрсете берсін, ол өз алдына, өзіміз жұрттың қамын ойлауымыз керек» деп ел зиялыларын ел ішіне баруға, көмек көрсетуге шақырды.
Қазақ өкіметі ел ішіндегі жағдайдың одан әрі ушығып бара жатқанын білді. Енді шегінерге жер қалмағанын түсінді ме, әлде аштықты жою ісіне қалың қазақты жұмылдыра бастаған «алашордашылар» ықпалының өсіп бара жатқанынан, оның сыртында ел ішіндегі ахуалдың ауырлап, аштықтың жайлағанына көзі жеткен соң ба, ұлт зиялыларына рұқсат берді. Оның сыртында ашаршылықтан босқан елдің тасқыны қазақ шекарасынан тысқары кеткен еді.
Құрманғали ДӘРКЕНОВ, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры
The post ҚАЗАҚ ЕЛІ ҚАЗАҚСЫЗ ҚАЛА ЖАЗДАҒАН НЕМЕСЕ 1921-1922 ЖЫЛДАРДАҒЫ АШАРШЫЛЫҚ ЖӘНЕ «ТОРҒАЙ ІСІ» appeared first on Астана Ақшамы.