Quantcast
Channel: Тағзым –Астана Ақшамы
Viewing all articles
Browse latest Browse all 189

ТОТАЛИТАРИЗМ ҚҰРБАНДАРЫНА ТАҒЗЫМ

$
0
0

Маң даланы тұлпарының тұяғымен дүбірлетіп, алып империя құрған халқымыз өз тарихында мерейі тасыған мәртебелі дәуірлермен қатар тар жол тайғақ кешуге толы небір қасіретті кезеңдерді бастан өткерді. Солардың бірі 1920-1950 жылдары аралығындағы бейбіт халықты баудай түсірген ашаршылық пен халықты өз болмысынан айыру мақсатында жүйелі түрде жүргізілген саяси қуғын-сүргін екені белгілі. Осынау солақай режим мен қанды тоталитаризм құрбандарын еске алу күніне орай Ақмола облысының Ақмол елді мекеніндегі «АЛЖИР» мұражай-мемориалдық кешенінде сұрқай саясаттың құрбаны болғандардың рухына тағзым етіліп, гүл шоғын қою рәсімі өтті. Әруақтардың рухына құран бағышталып, бір минуттық үнсіздік жарияланды. Еске алу шарасына Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова, Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев бастаған қонақтармен қатар азап лагерінде тұтқында болғандардың ұрпақтары мен елорда тұрғындары қатысты. 

Қаралы жиында сөз алған Мем­лекеттік хатшы тарихымыздағы мұндай ақтаңдақ оқиғалардың ешқашан да ұмытылмайтынын және енді мұн­дай қасіреттің қайталануына жол берілмейтінін айтты. «1925 жылы елімізді басқаруға келген Голощекин Қа­зақстанда кіші қазан төңкерісін жүргізу саясатын ұстанды. Соның салдарынан ұлт зиялылары жаппай қуғындауға ұшырады. Голощекин өзіне қарсы шыққандарды қазақ елінен қудалады, олардың көзін жоюды қолға алды. 1921-1954 жылдары кеңес елдерінде 3,7 миллион адам сотталып, олардың 640 мыңнан астамы атылды.
Ал 1937-1938 жылдары республикада тағы 100 мыңнан астам адам сотталып, 25 мыңы ату жазасына кесілді. Оның ішінде елдің бүкіл дерлік басшылығы бар еді. Қазақ интеллигенциясының қаймағы – Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, сондай-ақ, кеңестік халық комитетінің басшылары, партия обкомдарының хатшылары, облыстық атқару комитеттерінің төрағалары секілді 650 тұлға жазықсыз атылып кеткенін ешқашан ұмытпаймыз» деп атап өтті.
АЛЖИР деген атаумен жаһанға белгілі болған азап лагерінде 62 ұлттың өкілдерінен құралған 18 мыңға жуық адам қамауда болған екен. Олардың 7 мыңнан астамы өз мерзімдерін толықтай өтеп шықты. Сталиндік репрессия жылдары Қазақстанда АЛЖИР-ден басқа КарЛаг, СтепЛАГ секілді тағы 10 лагерь жұмыс істеп жатты. Бұл азап қоршауларында бар­лығы 2 миллионға жуық тұтқын жапа шекті.


Бүгінде ресми деректерге сүйенсек, тек Қазақстанның өзінен 103 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшыраған екен. Солақай саясат бүтіндей бір ұлттың қаймағы ғана емес жерінің тұтастығы мен тіптен қорадағы малына да ауыз салғаны белгілі. «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген ұжымдастыру ұранымен науқанға кіріскен белсенділер республикадағы 40 миллионнан астам мал басының қырылуына әкеп соқтырды. Нәтижесінде халық жаппай ашаршылыққа ұшырады. Ашаршылық жылдарында елімізде 1,5 миллионға жуық адам қайтыс болды. Қазақ халқы ашаршылыққа дейінгі санына араға жарты ғасырға жуық уақыт салып, әзер дегенде жетті» дейді Гүлшара Наушақызы.
Еске алу шарасына сондай-ақ, кезінде «АЛЖИР» деген атаумен белгілі болған азап лагерінің тұтқыны болғандардың ұрпақтары да келіп қатысты. Солардың бірі – Мәскеуден арнайы келген қонақ – Татьяна Никольская. Лагерь қабырғасында дүниеге келіп, 6 жасқа дейінгі өмірін анасымен бірге темір тордың ар жағында өткізген. «Мен бес жарым жасыма дейін лагерьде өмір сүрдім. Бала болсам да есімде қалыпты, үнемі аш жүретін едік. Әр адамға күніне 140 грамм қара нан берілетін. Анам және менің егіз ағам үшеуміз осы 140 грамм нанды бөліп жеп күн көрдік. Анам Ксения Никольская Мәскеудегі Химия институтының екінші курсын оқып жүргенде қамауға алынып, Долинка лагеріне жөнелтіледі. Лагерьде 8 жыл жазасын өтеп шықты. Анам сол жерде жүріп менің болашақ әкеммен жолығып отбасын құрады. Екі рет 10 жылға сотталған әкемнің ісі 1943 жылы қайта қаралып, жаза мерзіміне тағы да 10 жыл қосылды. Мұндай әділетсіздікке шыдамаған әкем көп кешікпей дүниеден өтті. Оның сүйегі Долинка ауылында жерленді. Мен осы сапар аясында әкемнің басына барып, перзенттік борышымды өтеп, мінәжат етемін. Өкінішке қарай, мұндай еске алу шаралары Ресейде өткізілмейді» деп атап өткен Никольская тарихтың ақтаңдақ жылдарын ұмытпай, қуғын-сүргін құрбандарын еске алып отырған қазақ халқына алғыс білдірді.
Сол секілді 1938-1943 жылдары ара­лығында «АЛЖИР» мен Долинкада жазықсыз тұтқында болған Мағрифа Қаз­бекованың немересі Зәуре Оспанова жиналған қауымға әжесі туралы естеліктермен бөлісті. Оның сөзіне қарағанда, Мағрифа Қазбекова тұт­қындалғаннан кейін бес жылдан соң туған қызымен алғаш рет осы «АЛЖИР»-де табысқан. «Әжеміз лагерьден босатылғаннан кейін ҚарЛаг-тың 26-нүктесінде қалып, дәрігер болып қызмет атқарды. Адал еңбегінің арқасында Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері атанды. Ол жұқпалы індеттерді емдейтін дәрігер болған еді. Тағдырдың жазуымен мен де дәл сол мамандықты меңгеріп, әжемнің жолын жалғастырып келемін» деген З.Оспанова елімізде осындай мемориал-кешеннің жұмыс істеуі келешек ұрпақ үшін мәңгілік сабақ болатынына назар аударды.
Келушілерге сондай-ақ, «Алаш», «АЛЖИР», «Азаттықтың азапты жолы» атты мұражай залдары бойынша экскур­сия­лар жүргізіліп, «АЛЖИР»-дің ызғарлы суығы» деректі фильмі мен «1937 жыл. Ерте солған гүлдер» бейнебаяны көрсетілді.
Саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарына арналған іс-шаралар мұнымен шектеліп қалған жоқ. Астана қаласының Абай даңғылы бойында орналасқан 1932-33 жылдардағы Аштық құрбандары Монументі жанында көпшіліктің қатысуымен қаралы митинг ұйымдастырылып, гүл шоқтарын қою рәсімі болды.

Бүркіт НҰРАСЫЛ

The post ТОТАЛИТАРИЗМ ҚҰРБАНДАРЫНА ТАҒЗЫМ appeared first on .


Viewing all articles
Browse latest Browse all 189

Trending Articles



<script src="https://jsc.adskeeper.com/r/s/rssing.com.1596347.js" async> </script>